Мәжіліс депутаттары тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста аталмыш құжат жөнінде баяндама жасаған Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбековтың айтуынша, заң жобасы 2007 жылдың қыркүйек айында еліміздің үлестік құрылысында қалыптасқан жағдайға байланысты Елбасының тапсырмасы негізінде дайындалған. «Естеріңізде болса, ол уақытта заңда кеткен біршама кем-кетіктердің нәтижесінде үлестік құрылыс саласында күрделі жағдай қалыптасқан болатын. Атап айтқанда бұрынғы заң үлесерлердің құқықтарын толық деңгейде қамтамасыз ете алмады», - деді вице-министр. Оның айтуынша, депутаттардың талқысына ұсынылып отырған құжат құрылыс нысанын салушының төлем қабілетінің талапқа сай болуын қатаң бақылауға алады. Сонымен қатар заң талаптары бойынша құрылыс жүргізушінің құрылыс саласындағы жұмыстардан тәжірибесі ескеріледі. «Құжатта, әсіресе, үлескерлердің құқықтарын қорғауға көп көңіл бөлінген. Бұл бағыттағы мәселелер елдегі барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ тұтынушылардың және кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланды. Заң жобасын қарау барысында депутаттар да бірқатар өзгерістер енгізіп, олардың барлығы да құжатта кеңінен көрініс тапты», - деді Е.Мамытбеков. Оның пайымдауынша, бұл заң жобасының қолданыстағы заңнан ерекшелігі, үлестік құрылысқа қатысушылардың құрамына байланысты болып отыр. «Қолданыстағы заңда құрылысқа тек екі жақ, яғни құрылысшы мен үлескер ғана қатысу көзделген. Ал талқыланып отырған заңда олар - төртеу. Атап айтқанда, олардың құрамында құрылысты салушы, жобалаушы компания, үлескер және банк агенті бар. Бұл орайда банк агенттік инвестор ретінде де қатыса алатындығын айта кету керек. Банк агенті төртжақты келісім бойынша, үлескерлердің қаржыларын депозитке қабылдап, оларды жобалау компаниясына тек құрылыс нысаны аяқталғаннан кейін ғана аударады. Осылайша үлескерлердің қаржылары құрылыс жүріп жатқан кезеңде банкте жатады», - деді вице-министр.