деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЖСН-ді алу мерзімін ұзарту бойынша тоқталатын болсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ЖСН-ді алу биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін қарастырылған. Қазіргі кезде Мәжіліс депутаттары заңнамаға бұл мерзімді, яғни ЖСН мен БСН-ға түпкілікті көшуді 2012 жылғы қаңтардың 1-іне дейін ұзартуды көздейтін түзету енгізуге бастама жасады»,- деді ресми өкіл.
«Алайда заң әлі қабылданған жоқ. Сондықтан 2010 жылғы тамыздың 13-іне белгіленген мерзім өз күшінде»,-деп атап өтті Е. Ерімбетов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жеке куәлігінде және төлқұжатында Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ азаматтар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін әділет органдарына немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына міндетті түрде баруы қажет. Себебі, аталған мерзімнен кейін ЖСН-і жоқ жеке куәлік пен төлқұжаттар жарамсыз болып қалады. Аталған құжаттарды ЖСН-і бекітілген құжатқа ауыстыру тегін жүргізіледі. Атап айтқанда, ЖСН ел азаматтарының төлқұжаттарында 1997 жылдан бері басылып келеді. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылғы наурыз айында Е. Ерімбетов тамыздың 13-інен бастап Салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен Әлеуметтік жеке код болмайтынын айтқан болатын. Тиісті тіркеу шаралары тек қана ЖСН арқылы жүргізіледі. Айта кетейік, 12 саннан тұратын ЖСН жеке куәліктің беткі жағында туған күннің мәліметтері жазылған жолақтың астында белгіленген. Ал төлқұжатта ол 32-ші бетте басылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат Уәлихан Қалижан Жеке сәйкестендіру нөмірін беру ісінде қосымша ұйымдастыру шаралары атқарылуы қажет екенін мәлімдеген болатын.
«Жұртшылық арасында азаматтардың жеке куәлігі мен төлқұжатына жеке сәйкестендіру нөмірінің енгізілуіне байланысты үлкен қобалжулар орын алып отыр. 2010 жылғы тамыздың 13-інен бастап Қазақстанда азаматтардың тиісті құжаттарында ЖСН болмаған жағдайда ондай құжаттардың күші болмайтындығы белгілі. Осы күн жақындаған сайын жұртшылық арасындағы дүрбелең де ұлғайып барады», деді депутат. Оның айтуынша, бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезектер қалыптасып, тіпті бұл мәселеге «әдеттегідей» делдалдар да араласып жатқан көрінеді.