Мәжіліс депутаттары Жетісу өңірін аралап жүр
Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауындағы аймақтарды өркендетудің жолдары жөнінде айтып берді. Өткен кезең ішіндегі Парламенттің заң шығарушылық қызметіне тоқталды.
Депутаттар Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық жай-күйімен танысты.
Сонымен қатар парламентшілер Ұйғыр ауданының Шонжы аулында аудан активімен кездесті. Осы жиында депутаттар Президенттің Жолдауындағы басты міндеттер туралы, «Нұр Отан» партиясының бағдарламасының жүзеге асуы жөнінде және заң шығарушы органның атқарып жатқан қызметі жайлы жан-жақты түсінік берді.
Осындай жүздесу Райымбек ауданының Кеген аулында да өтті.
Сондай-ақ парламентшілер аталған ауданның Жалаңаш аулына ат басын тіреді. Онда Көлік және коммуникация министрлігі өкілдерінің және жергілікті әкімшілік пен жол құрылысы кәсіпорнының басшыларымен бірге Көлсай көліне дейінгі республикалық маңызға ие автокөлік жолының құрылысымен танысты. Айта кету керек, осы Көлсай көліне баратын жолдың сын көтермейтіні туралы депутаттар Үкімет басшысына бірнеше мәрте сауалдар жолдаған болатын.
Мәжіліс депутаттары Райымбек ауданының Саты ауылындағы орта мектепте де аудан және ауыл әкімшілігі басшыларының, «Нұр Отан» ХДП жергілікті филиал мүшелерінің және тұрғындардың қатысуымен кездесу өткізді. Жиналғандар Елбасының Жолдауын ортаға салып, пікір алмасты. Тұрғындар Жолдауды бір ауыздан қолдайтындығын білдірді және осы құжат еліміздің одан сайын дамуына зор әсерін тигізетіндігін айтты. Сонымен қатар депутаттар «Нұр Отан» ХДП бағдарламасының орындалуы және бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі жөнінде баяндап берді.
Одан басқа депутаттар сол күні осы ауданда орналасқан «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барып шықты. Онда парктің жай-күйімен танысып, ұжыммен кездесу өткізді.
Бүгін, 9 сәуірде, құрамына Т.Асанов, Ү.Медеуов және Қ.Сұлтанов енген депутаттық топ Алматы облысының Қарасай ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарды өткізеді.