Мәжіліс депутаттарымен кездесуде батысқазақстандық кәсіпкерлер түйткілді жайттарды да жеткізді
Жолдауда екінші басым бағыт - бизнес-ортаны түбегейлі жақсартып, кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруге арналғаны белгілі. Елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кемінде 50 пайыз болуы керек. Бұл үшін, әрине, үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Азат Перуашевтің айтуынша, осы орайда «Ақжол» партиясының мүшелері Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға дайын. Жолдауда айтылғанындай, «Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл, әсіресе, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты». Бұл міндетті орындау үшін түрлі кедергілерді жою қажет. Айталық, монополист кәсіпорындар электр қуатының, газ бен судың тұтыну құнын жөнсіз өсіріп, кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кедергі келтіреді. Оған қоса екінші деңгейдегі банктер кәсіпкерлерді қолдауға ынта таныта бермейді. Мемлекеттік сатып алу ісінде де шешілуі тиісті мәселелер аз емес.
Кездесуде түйткілді жайттар жөнінде батысқазақстандық кәсіпкерлер де сөз қозғады. Мысалы, «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС директоры Валентина Михноның пікірінше, екінші деңгейдегі банктер несиені жеке кәсіпкерлерге 7-14 пайыздық мөлшерлемемен береді, бұл тиімсіз, сондықтан Үкімет құрылыс компанияларын қаржыландыруды «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға жүктесе, дұрыс болар еді. Оның үстіне құрылыс нысандарын коммуналдық қызмет жүйесіне қосу өте қымбат. Сайып келгенде, құрылыс нысандарын, соның ішінде халық қоныстанатын тұрғын үйлерді салатын компаниялардың зиянға қалмауының жолын іздестірген жөн. Сондай-ақ «Стекло-Сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов және басқа кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу ісінде кедергілер мен заңбұзушылықтар кездесетінін жасырмады.
Конституциялық өзгерістерді де қолдайтындығын айтқан А.Перуашев кәсіпкерлердің құнды ұсыныс-тілектері алдағы уақытта заңшығарушылық қызмет барысында ескерілетінін жеткізді.