Мәжіліс депутаттарын мерзімінен бұрын сайлауға қоғамды дайын деуге болады - М. Башимов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттарын мерзімінен бұрын сайлауға қоғамды дайын деуге болады. ҚР Президентінің Жарлығына орай, өз пікірін білдірген белгілі сарапшы, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов ҚазАқпарат тілшісіне осылай мәлімдеді.

«Жұртшылық көптен күткен жаңалықтың бірі - Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауы. Кеше Елбасы өзінің ұстанымын нақтылап, Жарлыққа қол қойды. Конституцияға сәйкес, Президент бұндай ұсынысты қос палатаның төрағаларымен бірге талқылайды, Конституциялық Кеңеспен, Үкімет басшысымен кеңеседі. Осының барлық рәсімі өтті, кеше сайлау белгіленді. Енді соған сәйкес, сайлау 20 наурызда өтеді. Бұған жұртшылық әзір деп ойлаймын», - деді М. Башимов.

Оның айтуынша, қазақстандық қоғамның сайлауға белсенділігі төмен болмайды деп болжануда. Сонымен қатар, сайлаушылар дауысы үшін партиялардың күресі де жан-жақты болуы мүмкін. «Қазір саясат сахнасынан енді көрініп жүрген жаңа партиялар да сайлауға қатысты пікірлерін, ұсыныстарын білдіруде. Бұл демократияның белгісі. Кез келген партия билік үшін күресуге мүмкіндігі бар. Олар осындай кезеңді пайдаланып халыққа ұнамды, көңілге қонымды ұсыныс жасаулары тиіс. Жұртшылық солардың арасынан өз таңдауын жасайды. Бұны ертеңгі сайлау көрсетеді», - деді М. Башимов.

Сарапшының сөзіне қарағанда, халықтың белсенділігі жақсы. Тұтастай алғанда жаңа сайлау мерзімінің белгіленуі қай қырынан алғанда да оңтайлы.

«Мен Президенттің дәл осы қазақтың Жаңа жылы - Наурыздың қарсаңына сайлау тағайындағанын құптадым. Жаңа жылға жаңа күшпен кірісейік деген сенімді ұялатады. Бұл - жақсы ырым», - деді М. Башимов.