Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Орал қаласының кейбір мәселелері талқыланды

None
ОРАЛ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - 9 сәуір күні Парламент Мәжілісінің депутаттары Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко және қалалық мәслихат депутаттары қатысқан жиын болды.

Алдымен сөз алған Мәжіліс депутаттары бұл жолғы жұмыс сапарының мақсаты Елбасының биылғы Жолдауын бұқараға кеңінен насихаттау екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жергілікті өңірдің түйткілді мәселелерін басты назарларына алатындарын айтты.

Жиында екі мәселе жайында сөз болды. Қала әкімі Болат Шәкімов және қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Валентина Юртаева Парламент Мәжілісі депутаттарының назарын қала тұрғындарын көбірек мазалайтын түйткілді мәселелерге аударды.

-Қала көшелерінің кейбір жолдары адам көргісіз кейіпте. Жөндеуге қаржы жетіспейді. Республика бюджеті есебінен жол жөндеуге қосымша қаржы бөлдіріп, осы мәселенің шешілуіне ықпал етулеріңізді өтінеміз. Әсіресе, Әбілқайыр хан, Сырым Датұлы даңғылдарын, Шолохов, Ружейников, Желаев тас жолдарын жөндеу қажет-ақ, - деді қала әкімі.

- Бүгінгі таңда қаланың 2-ші жұмысшы ауданындағы жастар сарайынан бөлек орталық ауданда жастарға арналған мәдениет орындары жоқ. Айтпағымыз - жастарға бос уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызатын үйірмелік жұмыстар, спортпен шұғылданатын орындардың аздығы. Осындай орталықтың міндетін атқаруға «Зенит» зауыты мәдениет сарайы әбден лайық. Аталмыш мәдениет орталығында 800 адамға арналған көрермен залы, жүзу бассейні, екі спорт залы, жаттығу және балет залдары бар. Үйірме жұмыстарына арналған 20-дан аса бөлмесі бар. Өкінішке орай, орталық өз бағытында жұмыс жасай алмай тұр. Жүзу бассейні 2004 жылдан бері жұмыс істемейді. Қараусыз халде қалған мәдени орталық жеке тұлғалардың қарауына өтіп кету қаупінде. Қаланың бұл ауданында 50 мыңнан аса тұрғын бар. Олардың 20 мыңдайы -  балалар мен жасөспірімдер. Тұрғындарды мәдени нысанның өз деңгейінде жұмыс жасамауы қанағаттандырмай отыр. Халықтың еңбегімен тұрғызылған тамаша мәдениет сарайының жеке қолға өтуі алаңдаушылық туғызады. Аталмыш нысанның қалалық мәдениет бөлімінің балансына беріліп, қайтадан мәдени демалыс және спорт орталығына айналғанын қалаймыз. Бұл атқарушы биліктің ғана емес, тұрғындардың қалауы, - деді Валентина Юртаева.

Айтылған мәселелер жазбаша түрде Мәжіліс депутаттарына табыс етілді.

Жиын соңында қала әкімі Болат Шәкімов қаланың жаңаша безендіру жұмыстарын қолға алмақшы жарнамалық компания «Урбан-Имидж» ЖШС-ның директоры Алу Аслахановпен екіжақты меморандумға қол қойды.

- Өзінің өлшемдері мен орнатылуы жағынан заманауи талаптарға сай келмейтін қала ішіндегі жарнамалық билбордтар алмастырылатын болады. Барлық әлем елдеріндегі үлгімен ірі билбордтарды қала сыртындағы тас жолдардың бойына орнатпақпыз. Қалада жаңа заманғы лайтбокс, ситиборд, пилондар орын алады. Олардың бәрі кешкі жарықтандырумен қалаға жаңаша сән беріп тұруы тиіс, - деді Болат Шәкімов.