Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға әзірге 4 партия ниет танытып отыр

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2012 жылдың 15 қаңтарына тағайындалған Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына партиялар атынан үміткерлерді ұсыну мерзімі бүгін аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге қарағанда, осы уақытта ОСК-ға барлығы 4 партия өзінің үміткерлерін ұсынған.

Естеріңізге сала кетейік, елдегі маңызды саяси науқанға ең алғашқылардың бірі болып, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы өзінің үміткерлерін ұсынды. Билік партиясының ізін алып, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы белсенділік танытты.

Ал бүгін, үміткерлер ұсыныс білдіретін соңғы күні ОСК-ға «Ауыл» партиясы мен «Патриоттар партиясы» саяси науқаннан тыс қалмайтындықтарын білдірді.

Ал сайлауға қатысатын мүмкіндіктері бола тұрғандықтарына қарамастан «Руханият», «Ақ жол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Әділет» партиялары әзірге үміткерлерін ұсынған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Әділет министрлігінде елімізден барлығы 10 партия ресми тіркелген. Алайда Қазақстанның Коммунистік партиясының қызметі сот шешіміне байланысты уақытша тоқтатылуына байланысты аталмыш партияның өкілдері бұл жолғы саяси науқаннан тыс қалғалы отыр. Ал «Азат» бұл жолғы сайлауда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен күш біріктіріп отырғаны белгілі.