Парламентшілер «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын қарау барысында көптеген түзетулер енгізді.
Нақты айтар болсақ, депутаттар Бекболат Тілеухан, Нұрлан Өнербай, Алдан Смайыл, Уәлихан Қалижанов және Нұртай Сабильяновтың оралмандар мен олардың отбасыларының өздерін оралмандар квотасына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін жеңілдіктер мен өтемақылар алуға өтініш беру құқықтарына қатысты түзетулеріне Қазақстан Үкіметінен оң қорытынды алынды.
Бұл заң жобасы 2011 жылғы 20 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар көптеген толықтырулар енгізді. Қорытынды Салыстырма кестеге 235 түзету енгізілген.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында аталған заң жобасы екінші оқылымда талқыға шығарылады. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Жарасбай Сүлейменовтың баяндама жасайтыны көзделген.