«Елбасы «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде қазіргі заманғы жергілікті жолдар желісін кеңейту Үкіметтің негізгі міндеті екендігін атап көрсетіп, 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 95 процентінің жай-күйін жақсарту мақсатында қосымша 350 миллиард теңге бөлуді тапсырғаны мәлім. Осыншама қаржы күткендегідей тиімділікті беруі үшін жергілікті жолдар желісін кеңейтумен қатар, олардың сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару қажет. Өйткені, бұл мәселе қазіргі таңда, әсіресе, еліміздің астықты өңірлерінде елеулі проблемаға айналып отыр. Біз шалғайда орналасқан аудандарда болғанымызда ауыл тұрғандары осыдан бірер жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткізілген ауданішілік автомобиль жолдарын күзде астық тасыған ауырсалмақты көліктер қайтадан бүлдіріп тастағандығын айтып, шағымданды. 70 тонналық қытайлық өзі аударғыш көліктер астық тасыған жолдар әбден жаншылып, жеңіл көліктер жүре алмайтын жағдайға ұшырағандығын өз көзімізбен көрдік. Бұл жергілікті жолдарды қалпына келтіруге бөлінген бюджет қаржысы текке желге ұшып жатыр деген сөз», - деді депутат Кәрібай Мұсырман.
Оның пайымынша, автожолдарды ауыр салмақты көліктердің бүлдіруіне жол бермеуге тиісті өңірлік көлік бақылау инспекциялары өздеріне жүктелген міндетті толық атқарып отыр деу қиын. Себебі олардың қызметкерлерінің саны аз және материалдық-техникалық жабдықталуы жеткіліксіз. Мысал үшін, егіншілікпен айналысатын Солтүстік Қазақстан облысының көлік бақылау инспекциясындағы 6 қызметкер 13 ауылдық ауданның жолдарындағы көлік ағынын қадағалап үлгере алар емес. Мұнда жалғыз-ақ жылжымалы көліктік бақылау бекеті бар. Ал ұлан-ғайыр егін алқабына ие Қостанай облысында небәрі 2 жылжымалы бекет жұмыс істейді. Астықты Ақмола облысында да олардың саны - 4-еу ғана.
«Қазір өңірлердегі көлік бақылау инспекциялары облыстық әкімдіктермен және ішкі істер департаменттерімен бірлесіп, ауыр жүк тасымалдаушыларды бақылау бойынша «Жол картасын» әзірлеп, оны іске асыра бастады. Соған сәйкес жол-патрульдік полициясының қызметкерлері қолданыстағы заңнаманы бұзған өзі аударғыш ауыр салмақты көліктерді тоқтатып, тиісті әкімшілік жауаптылық туралы хаттама толтыру үшін көлік бақылау инспекциясының өкілдерін оқиға орнына шақырады. Алайда, олар көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері оқиға орнына келіп жеткенше, кейде ұзақ уақыт күтуге мәжбүр», - деді К. Мұсырман.
Осы орайда депутат бірнеше ұсыныстарын атап өтті.
Біріншіден, еліміздің негізгі астықты өңірлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың көлік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің және жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің санын көбейту мәселесін қарастыру қажет. Екіншіден, автомобиль жолдарын сақтауды жақсарту мақсатында көлік бақылау инспекциясымен қатар, жол-патрульдік полициясына да ел аумағында автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық өлшемдерді сақтауын бақылауды жүзеге асыру функциясын беру мәселесін қарастырған жөн.