Мәжіліс депутаты Б. Бекжанов: Наурыз ? елімізде тұратын барша халықты ынтымаққа шақыратын ұлы мейрам!

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Наурыз - Қазақстанда тұратын барша халықтың ортақ мейрамына айналып, ел бойынша салтанатты түрде тойланып келеді. Халқымыз үшін орны бөлек әз- Наурыз туралы Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов ҚазАқпарат тілшісіне өз ойларын айтып берді.

- Берік Айдарбекұлы, көктемнің алтынкүрек желіндей барша жанға қуаныш сыйлайтын Наурыз мейрамы туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз? Наурыз ? шығыс халықтарының ең үлкен мейрамы. Кеңес өкіметі билік құрған тұста Наурызды атап өтуге тыйым салынды. Біздің білетініміз, қазақ елінде 1926 жылға дейін Наурыз тойланып келген екен. Ол кезде қазақтар ағайын-туыстарымен амандасып, көрісіп, «Қыстан аман-есен шықтыңдар ма? Мал-жан аман ба?»- деп құшақ жайып, бір-бірімен емен жарқын табысатын болған. Наурыз мейрамы еліміздің, әсіресе, оңтүстік өңірінде жақсы аталып өтетіні жиі жазылып жүр. Өйткені оңтүстікте көктем ерте шығады да, наурыз жайлауға көшетін кезбен тұспа-тұс келеді. Наурызда қазақтар далаға шығып, көкпар ойынын дәстүрлі өткізген. Ал бәйге болғанын көп ести қоймаймыз. Өйткені қыстан арықтап шыққан жылқыны ешкім бәйгеге қоспайтыны анық. Көбіне аламан бәйгелер мамыр, маусым айларында өткен. Көктемде ат күш жинап алған соң, бір айдай жаратылады да, бәйгеге қосылады. Сол секілді бәйге күзде өткізіледі. Мұны ат спортымен айналысатындар жақсы біледі. - Наурыздың тағы қандай жан жадырататын дәстүрлері бар? - Бұл мейрамның, осы айдың өзіндік қуаныштары мен қызықтары жетерлік. Қариялар жағы өмір ағыстарына көз жіберіп, саналарына түйген сындарлы ойларын ортаға салып, жастарға кеңестерін айтып, баталарын береді. Қазақта «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген жақсы аталы сөз бар. Наурызда әр адам өзінің қатарластарымен табысып, сырласып, әзілдесіп, өзара мәре-сара болып қалады. Жігіттер мен қыздар танысып, әрбіреуі болашақ жарларын тапқан. Қыстағы соғымнан сақталған сүр ет, қазы-қартаның барлығы бұл күні қазанға асылады. Арнайы «Наурыз көже» дайындалады. «Наурыз көженің» әр өңірге байланысты бірнеше түрі бар. Адамдар жақсы киімдерін киіп, көтеріңкі көңілмен, жақын адамдарын құттықтауға асығады. Жақын-жуық, тума-туыс, құда-жекжат Наурызда бір-біріне қонаққа барып, ән айтып, бір жасап қалады. Наурызда ай бойы жаңадан көрген адамыңа «Құтты болсын!» айтудың ешқандай әбестігі жоқ. Өйткені ол - жаңа жылдың басы. Ата-бабаларымыз: «Осы басталған жыл құтты, берекелі болғай, келесі Наурызға дейін аман-есен жетейік!» деп тілек тілеген. Наурызды діни мейрам деп атап өтуге қарсы болған кездерді де біздің еліміз бастан кешті. Қазақстанда 1987 жылдан бастап Наурыз мейрамы тұрақты өтіп келеді. Бұл ? жалпыхалықтық мейрам. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 3-бабына сәйкес Наурыз ? мемлекеттік мереке! Наурыз ? елімізде тұратын барша ұлт өкілдерінің басын біріктіретін, барлық адамды, барлық халықты ынтымаққа шақыратын мейрам! Сондықтан әз-Наурыз мейрамы бәріміз үшін ерекше. - Осы мерекеге орай қандай тілек айтар едіңіз? - Барша қазақ елін, Қазақстан азаматтарын Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Барлық шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін!