Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан жастар ұйымдарының өкілдерімен ұлттық мәселелер төңірегіндегі пікірлерімен бөлісті

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымының ұйытқы болуымен «Жас кадрлар резерві» жобасының өкілдері Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханмен кездесті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Кездесу барысында жастар  өздерін толғандырған сауалдар жөнінде пікір алмасты. Олар  өздерін мемлекеттік тіл мәселесі мен болашақ ұрпақтың рухани дағдарысқа ұшырау қаупі толғандыратындығын жеткізді. Сондай-ақ жастар ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі хабарлар мен әйел азаматтардың саясаттағы рөлі хақындағы мәселелер де қызықтыратындығын ортаға салды.

 Мәжіліс депутатының айтуынша, қазіргі қоғамда тіл проблемасының бар екені рас және ол айтылып та жатыр. Алайда қоғам болып күш салмаса, бұл оңай шешілетін мәселе емес. «Ал менің жеке өзім бұл проблеманы барынша қатты айтқанды дұрыс деп есептеймін. Өйткені менің сайлаушыларым маған дауыс бергенде бірінші кезекте осы тіл және жалпы ұлттық мәселелердің шешілуіне үн қосады деген үміт артты. Тіл мәселесі -  ата-бабамыздың аманаты. Сондықтан біз оған қиянат жасамауымыз қажет», деді депутат.

 Сондай-ақ ол сөзінде қазақ киносы жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Оның пайымдауынша, бүгінгі жастар ақпаратты негізінен интернет пен кинодан алады. Ал қазақ киносының жағдайын түзеу үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Осыған орай қазіргі экранда көрсетіліп жүрген фильмдерге онша көңілі тола қоймайтындығын айтқан депутат, қазақша фильмдердің қазақ ұлтының бет-бейнесін қалыптастыратын маңызды құралдардың бірі екендігін, ол қазақтың мүддесіне қызмет етуі тиістігін атап көрсетті.