Мәжіліс депутаты, «Болашақ» түлегі Бақтияр Мәкен жастармен кездесті

None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс депутаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Бақтияр Мәкен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жастармен кездесіп, Елбасының жаңа Жолдауы мен билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі туралы пікірлесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, студенттер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысқан конференцияда Мәжіліс депутаты Жолдаудағы басым бағыттар, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістер, конституциялық реформа жөнінде кеңінен әңгімелеп, заң шығару жұмыстарына жастардың белсенді қатысуы керектігін атап көрсетті.



Жиын барысында Бақтияр Мәкен «Болашақ» қауымдастығының қатысуымен жастар парламентін құруды Батыс Қазақстан облысынан бастауды ұсынды.



«Мәжіліс депутаты болғанға дейін осында еңбек еткендіктен, Батыс Қазақстан облысы маған ыстық. Мұнда бастамашыл, белсенді жастар аз емес. Осындай жастар еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп табылады. Егер жастар парламенті құрылып, оның құрамына кіргендер өрелі ой-пікірлерін ортаға тастап, жоғары органдарға жеткізіп жатса, бұл бәріміз үшін тиімді болар еді», деді Мәжіліс депутаты.
Жиында «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған батысқазақстандықтар да сөз алып, өздерінің ой-толғамдарымен бөлісті.