16:45, 12 Наурыз 2009
Мәжіліс депутаты Данияның Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Ресей істері жөніндегі департаменті директорының орынбасарымен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 12-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов Данияның Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Ресей істері жөніндегі департаменті директорының орынбасары Томас Дьюрхусспен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кездесу барысында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы сөз болды. Сағынбек Тұрсынов еліміздегі дайындалған Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы базалық баяндама жөнінде және аталған тақырыпты қамтитын Ұлттық Жоспардың жобасы жайлы айтып берді. Мұндай құжат ТМД елдері бойынша тұңғыш рет біздің мемлекетте әзірленген. Кездесу барысында Тараптар алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты дамыту жөнінде ортақ пікір білдірді. Сонымен бірге Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және еліміздің «Еуропаға жол» бағдарламасына қатысты әңгіме өрбіді. Мәжіліс депутаты мейманға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтарының жағдайы туралы негізгі баяндаманы табыс етті.