Мәжіліс депутаты ел сыртында қалып қойған «Арнасай» мен «Аманкелді» ауылдары тұрғындарының өтінішін жария етті

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Төлебек Қосмамбетов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдап, шекарада тұрған ауылдардың мәселесін көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Депутат өз сөзінде 2003 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара белгіленген кезде, өкінішке орай сол жолы Қазақстанға өткен 5 елді мекенге кірмей қалған «Арнасай» және «Аманкелді» елді мекендерінің жағдайын ойластыруды өтінді. 

 «Менің депутаттық сауал жасауыма Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданына қарасты Арнасай мен Амангелді ауылы тұрғындарының маған жолдаған ашық хаты негіз болып отыр. Хатта Арнасай мен Амангелді ауылдары Өзбекстан құрамына беріліп, шекара белгілеу кезінде ағаттық жіберілгені жазылған. Көрсетілген мәселенің шешімін тауып, осы елді мекендердің Қазақстан Республикасына қосылуын сұрауда. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Өзбекстанға берілген «Арнасай» және «Аманкелді» ауылдарын бұрынғы шекара сызығымен Қазақстанға қайтару мәселесін қарап, бұл мәселені екі ел келісімдерінде көрсетілгендей дұрыс шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын»,- деді депутат Төлебек Қосмамбетов.