Мәжіліс депутаты еліміздің оңтүстік өңіріндегі мақта өндірісі саласында туындап отырған мәселелерді көтерді

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Өстемір Бектөреев ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдап, еліміздің оңтүстік өңіріндегі мақта өндірісі мәселесін көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы 300 мыңнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта шаруашылығына тікелей байланысты. Халық мақта өсіруге әбден маманданған. Өйткені мақта ұзақ сақтауға төзімді. Ауданда мақтаны алғашқы өңдеуден өткізуге зауытттар да жеткілікті. Кеңес өкіметі кезінде мақта өнімінің 70-75 пайызы машинамен терілетін, қалған 25-30 пайыз мақта жұмысшылардың, оқушылардың, студенттердің, қаладан келген жәрдемшілердің көмегімен жиналып алынатын.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде мақта теретін машиналардың тозығы жеткен, тіпті жоқ деуге болады. 95 пайыз мақта қолмен теріледі. Алдыңғы жылдардағыдай сыртан келетін жұмыс күші де жоқ. Өйткені шекара жабылған.

Әрбір отбасы жыл он екі ай еткен еңбегінің нәтижесін жинап алуға барлық отбасы мүшелерін жұмылдырады. Іс жүзінде қыркүйек, қазан айларында оқушылар мектепке бармайды. Мектеп басшыларын, атқарушы билік өкілдерін ата-аналар тыңдамайды. Өйткені өсірген мақтаны сатып күн көру керек. Сол себептен Мәжіліс депутатына хат жолдаған Мақтаарал аудандық мәслихат депутаттары осы мәселенің күрмеуін шешіп беруге ықпал етуін сұраған.

Депутат бірнеше ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, ауданда бірнеше МТС-тер құрып, «Джон-Дир» мақта теретін машиналармен және қажетті ауыл шаруашылық техникалармен қамтамасыз ету. Сондай-ақ мақталы аудандардың оқушыларына жазғы демалысты шілденің 1-інен қазанның 1-іне дейін беруді, жоғары сынып оқушыларын қазан айында оқу-өндірістік тәжірибе айлығына пайдалану керектігін айтты.

«Сонымен қатар мақтаның егіс көлемін 30-40 пайызға дейін азайтып, қалған жерлерге көкөніс түрлерін, бау-бақша, жүгері, алма, жүзім, жеміс-жидектер, мал азығын егіп, ауыл шаруашылығын өндірушілерді техникалармен, тоңазытқыш қоймалармен, өңдейтін цехтармен қамтамасыз ету керек. Сонда ғана халықтың тұрмыс тіршілігі жақсарады, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі»,- деді депутат Өстемір Бектөреев.