13:47, 19 Наурыз 2009
Мәжіліс депутаты қарыз алушылар пәтерден айырылып, көшеде қалмау үшін шара қолдану қажет деп есептейді
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кезінде доллардың бағамына қарай доллармен немесе теңгемен несие алған халықтың бір бөлігі қарыздарын төлеуде айтарлықтай қиындықтарға кезігіп отыр.
Өйткені доллар бағамының өсуіне байланысты ай сайынғы жарнаның сомасы бүгінде 25 пайызға көтеріліп кеткен. Жалақысы және басқа да табыстары сол деңгейде қалып, ал несие алу кезінде өзінің нақты табыстарына үміт артып, пәтер сатып алу кезінде мұндай күтпеген жағдайларға кезігетінін білмеген халықтың қазіргі уақытта осы қаралмаған шығыстардың сомасын жабуға мүмкіндігі болмай отыр. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Төлебек Қосмамбетов айтты. Ол ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, банктен несие алғандардың мәселесіне назар аударуын өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутат бірқатар мысалдар келтірді. «Егер біз дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру жөніндегі Үкіметтің қолданылған шаралары туралы айтар болсақ, онда бөлінген қаражат бәріне бірдей жетпейді, әрі қарыз алушылардың бәрі бірдей қойылған талаптарға сәйкес емес.
Ұлттық банктің басшысы Г.Марченко әріптестерімнің осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарына жауап бере отырып, халықтың зардап шеккен санаты халыққа берілетін банк несиелерінің жалпы көлемінің үштен бірін ғана құрайтынын атап өткен болатын. Ол айтқандай, зардап шеккен халық саны тіптен аз болатын болса, басындағы баспанасынан айырылып, ашынған әрі жәбір көрген адам мүлдем тақырға отырып қалмас үшін қажетті шаралар қолдану қажет емес пе? Олар соңғы тиындарына дейін бере отырып, несие төлемдерін әлі де төлей беруге дайын, бірақ бастапқы есептелген соманы ғана. Көтеріліп отырған мәселе банк салымшыларына да қатысты. Егер салымшылардың жинаған ақшалары бір жолы ғана кеміген болса, ал қарыз алушылар үшін пәтерден айырылып, көшеде қалмас үшін қосымша ақшаны қайдан алу керек деген ой ай сайынғы проблемаға айналды, оның үстіне олар да бастапқы жарна үшін қаражат жинағаны белгілі.
Қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде төлем қабілеті жоқ адамдар көбейіп, әлеуметтік жағдайдың қиындап тұрғаны ешкімге күмән емес. Үкімет мемлекеттің үлесі бар банктер бойынша қарыз алушылардың осы санаттарының несиелерін бұрынғы жағдаймен, ескі бағам бойынша есептеу туралы шешім қабылдауға, сөйтіп өзінің ізгі ниеті мен әлеуметтік бағдарын көрсеткені абзал болар деп ойлаймын»,- деді депутат Т.Қосмамбетов.