Мәжіліс депутаты мемлекеттің дағдарыстан кейінгі даму кезеңін түсіндіру үшін өңірлерде кездесулер өткізуде

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Қызылорда облысында Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары мен мемлекеттің дағдарыстан кейінгі даму кезеңін түсіндіру үшін өңірлерде кездесулер өткізуде.

Бұл ақпаратты «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі таратып отыр.

Мәжіліс депутаты кеше «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, партия жанындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі жобасының іске асырылуына мониторинг жасау жөніндегі Қызылорда аймақтық қоғамдық комиссиясының басшысы ретінде оның отырысын өткізді. Жиынға мүдделі жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен құқық қорғау және бақылаушы органдардың өкілдері қатысып, халықаралық жобаның жүзеге асырылуы барысын талқылады. Сондай-ақ орын алған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді қайта қалпына келтіру және жол бермеу мәселелерін қарастырды.

Сол күні жергілікті жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылу мәселесі бойынша Ақжарма аулында болып, жол құрылысына қатысып жатқан мердігер мекеме басшылығы мен еңбеккерлермен кездесіп, еліміздің заңнамасының қатаң сақталуын ескертті.

Баспасөз қызметінің атап өтуінше, депутат Қызылорда облысындағы іссапарының жұмыс кестесін 2 бағытта қарастырып отыр. Бірінші бағытта облыстың барлық аудандарының тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, оларды жеке мәселелерімен қабылдамақ. Ал тамызда Қызылордада әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесіп, облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдайтын болады. Екінші бағытта «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы жүргізіліп жатқан орындарда болып, онда еңбек етіп жатқан жергілікті жұмысшылармен, кәсіпкерлермен, мердігер мекемелермен кездесулер ұйымдастыру және еңбек, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, жер қойнауын пайдалану заңнамаларының сақталуымен танысады.