Мәжіліс депутаты өндіріс орындарын аралады - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сапар барысында халық қалаулысы алдымен облыстағы іргелі кәсіпорын саналатын «Тыныс» акционерлік қоғамында болып, өндіріс цехтарын аралап көрді. Бүгінгі таңда осы зауытта шығарылатын авиация, темір жол, мұнай салаларына қажетті қосалқы бөлшектер мен қарулы күштер құрылымдарына арналған бронежилеттер тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, сұранысқа ие болуда.
 

Зауыт Ақмола облысында машина жасау ісінің көш басында тұр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеуде.
 

Зауыттың бас директоры Қайрат Қалманбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда «Тыныс» акционерлік қоғамы көп салалы кәсіпорын қатарында. Авиациялық өнімнің негізгі тұтынушылары - Ресей мен Беларусьтің авиажасау және авиажөндеу кәсіпорындары. Кәсіпорынның өнімін сату саясаты ішкі және сыртқы нарықтарға бағытталған. Осы күні «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком», «Қазтрансойл», «Қазтрансгаз», «KEGOK» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін жеткізеді.
 

Мәжіліс депутаты зауыттың құрастыру цехын аралап көріп, шығарылып жатқан өнім түрлерімен танысты.

«Соңғы кезде кәсіпорын басшылығы өнім өндіруде отандық үлестің мол болуына ерекше назар аударып келеді. Дегенмен, әлі де отандық үлесті артыру және дайын өнімді сату аумағын кеңейту бағыттында әлі де ауқымды жұмыс істеу керек. Біз өз тарапымыздан көмектесуге дайынбыз», - деді Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.
 

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты «55/10» әскери бөлім мен «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС жұмысымен танысты.


 

Ал, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған халық қалаулысына келген көкшетаулық тұрғындар міндетті әскери қызметті өтеу, зейнетақы төлемдерін өсіру сияқты мәселе көтерді.