Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов қатысқан жиында Мәжіліс депутаты Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттары мен билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері туралы баяндап берді.
«Мемлекет басшысының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі бастамасы еліміздің саяси жүйесін демократияландыру бағытын нық ұстанғандығын тағы бір көрсетеді. Қазіргі таңдағы басты міндетіміз - Елбасы алға қойған мақсат-міндеттер үдесінен шығып, экономиканы нығайтумен бірге Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатының тұрақтылығын қамтамасыз ету», деді Балайым Кесебаева.
Кездесу барысында прокуратура қызметкерлері жазасын өтеп келгендерді жұмысқа орналастыру, сот орындаушылары, жергілікті полиция қызметіндегі түйткілді жайттар, азаматтарды ғаламтор кеңістігіндегі қылмыстық әрекеттерден қорғау төңірегінде сауал қойып, жауаптарын алды.
Айта кетейік, Балайым Кесебаева өңірге сапары барысында бірнеше ауданда болып, сондай-ақ облыс орталығында әділет департаменті, басқа да мекеме-ұйым қызметкерлерімен кездесті.