Мәжіліс депутаты Президенттің ҰҚШҰ көмегіне жүгіну шешіміне пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман Мемлекет басшысының Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы көмегіне жүгіну туралы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның өңірлерінде, әсіресе Алматыда бассыздыққа барған террорлық бандылардың тарапынан туындаған қауіп-қатерден елімізді қорғау үшін барлық іс-шараларды қабылдауда. Жаппай қирату, тонау, құқық қорғау күштерімен қарулы қақтығыстар – мұның барлығы жедел және табанды іс-әрекетті талап етеді», - деді Мұхтар Ерман.

Осы ретте ол елімізде террорға қарсы операция жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҰҚШҰ-дағы серіктестерден көмек сұрап жүгіну шешімін түсіндіргені анық. Қазақстан Президенті ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы мүддесі үшін мұндай шешім қабылдады. Қазіргі уақыттағы басты мақсат – тыныштық сақтап, азаматтық жауапкершілік таныту», - деді Мәжіліс депутаты.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұраған еді.