Мәжіліс депутаты Сарайшық қаласының жағдайына алаңдаушылық білдірді

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат - Сарайшық қаласының қазақ хандығының тарихындағы саяси-мәдени маңызын ескере отырып көне қаланың орнын, яғни, ұлтымыздың жәдігерін қамқорлыққа алудың мүмкіндіктерін қарастырғанымыз абзал. Мәжіліс депутаты Людмила Хочиева осындай пікір білдіріп отыр.

Ол көне қаланы қорғауға қатысты ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, тарихи орынды сақтап қалу жөнінде ұсынысын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сарайшық қаласы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық елді мекенінде орналасқан. Ол кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қалалардың бірі ретінде әлемге танылған, Қасым ханның тұсында қазақ хандығының астанасы болған. Орта ғасырларда қазақ мәдениетінің ордасы болып, өз заманында көркімен талай саяхатшыларды тамсандырған әйгілі қалашықтың қазір орны тарихи мекенге айналған. Депутат Сарайшық қаласының бүгінгі орнын Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында осы облысқа барған сапарында көзімен көріп қайтқанын айтты.Жергілікті мамандар мен тұрғындардың айтуынша, көне қала орнын жыл сайын Жайықтан тасыған су шайып кетеді. Бұл онда жылма-жыл жүргізіліп келе жатқан археологиялық жұмыстарға кедергісін келтіріп қана қоймай, қала орнының тарихи ескерткіштік маңызын, қалпын жойып барады. Мамандар тарихи мекенді су шайып, жойылып кетуден сақтау үшін жасанды жаға жасау керектігін айтуда.Соңғы кездері көне қала орнын келіп тамашалаушылар мен өзге де мақсатта келушілер көбейіп отыр. Ал оған алып баратын жолдың жағдайы тым мүшкіл, жылдың кей мезгілі болмасын көлік жүре алмайды. Онымен қоса бұл жол тек келушілер үшін ғана емес, осы тарихи орынға жақын орналасқан көне қаламен аттас елді мекен тұрғындары үшін де пайдалы болмақ.«Сарайшық қаласының орнындағы археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған тарихи ескерткіштерді көзімен көрген адам қазақ халқының мәдениетіне басын имей тұра алмайды. Осындай інжу-маржан, кереметті көруге әлемнің әр түпкірінен келушілер өте көп. Осы орайда «сырт ел сыншы» дейтін қазақтың кешегі тарихының кереметіне лайықты деңгейде қамқорлық жасалуы тиіс деп ойлаймын», - деді депутат Людмила Хисақызы.