Мәжіліс депутаты сәулетшілер даярлайтын оқу орнын ашу туралы ұсыныс жасады

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - «Астана қаласының құрылыс салудағы мамандарды қажет етіп отырған қазіргі талабын орындау мақсатында,

сондай-ақ бәсекеге қабілетті ғылыми зерттеулер жүргізу үшін Астана қаласындағы политехникалық колледж базасының негізінде мамандандырылған Сәулет және қала құрылысы академиясын ашуды ұсынамыз. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Егор Каппель айтты, ол ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады.

Астана әлемдегі ең жас елордасы болып табылады. Ол өзінің қайталанбас сәулеттік келбетімен ерекшеленеді және шын мәнінде ХХІ ғасыр жобасы екені анық. Ғажап құрылыстар мен нысандарды салу үрдісінде әлемдегі танымал архитекторлардың озық иедеялары жүзеге асырылды.

Әлем халықтарының қазіргі заманғы тарихында өте қысқа мерзім ішінде жас мемлекеттің әлемдік сәулет үлгілерін енгізе отырып, жаңа ғажайып және өркениетті қала тұрғызып, осындай жетістікке қол жеткізген ел жоқ екені белгілі.

«Бүгінгі таңда Астана әрбір қазақстандықтың мәртебелі мақтанышы болып отыр. Астананың негізін қалаушы және бас сәулетшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені рас. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасын салу туралы Мемлекет басшысының тарихи бастамасы дарынды сәулетшілер мен құрылысшылардың арқасында жүзеге асты. Қазақстан елордасын Сарыарқа төсіне көшіру арқылы және Астананы жаңа үлгідегі ең ғажап та сәулетті қалаға айналдырудың нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткер ретінде өзінің көрегендік және алысты болжағыштық қасиетін таныта білді»,- дейді Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат Е. Каппель.

Бүгінгі таңда Астананың құрылыс саласына қажетті мамандарды дайындау ісі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жүргізіледі.

Аталған мәселенің өзектілігі Астана қаласында 2010 жылы 24-27 мамыр күндері өткен Түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша ІІІ халықаралық Құрылтайы мен «Қазақстан 2010» IX Қала құрылысы форумында айтылды. Осы шараға қатысушылар қазіргі заман талабына сәйкес құрылысшылар мен сәулетшілер дайындап шығаратын арнайы оқу орнын құру туралы ұсыныс жасады.

Е.Я.Каппельдің осы депутаттық сауалын қолдап әріптестері К.Сағадиев, В.Киянский, Қ.Бисенов, Л.Питаленко қолдарын қойған.