Тиісті оқыту орталықтары, сөздіктер, әдістемелік қолданбалар, барлығы бар. Тек қана енді Қазақстанның әрбір азаматының «Тіл туралы» заңды орындауы ғана қалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розақұл Халмұрадов мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Тіл дарын» атты бағдарлама енгізген. Ол Ресейдің атақты лингвисі Дмитри Петровтың әдістемесі арқылы жасалды. Сол бағдарламаның көмегімен тек өз еліміздің азаматтары ғана емес, шетел елшіліктерінің қызметкерлері де мемлекеттік тілді үйренуде.
«Қазақстан өзбектерінің достық қауымдастығы осыдан 7-8 жыл бұрын өзбек тілінде сабақ беретін мектептерде кейбір пәндерді қазақ тілінде оқыту жобасын енгізген. Онда Қазақстан тарихы, биология және басқа да кейбір сабақтар қазақ тілінде оқытылады. Кейбір жерін түсінбегендерге өзбек тілінде түсіндіріледі. Осы жобаға қатысқан екі мектептің оқушылары жобаға дейін тек 10-15 пайызы ғана мемлекеттік гранттарға іліксе, осы жоба енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 85 пайызға жеткен», - деген мысал келтірді депутат.
Оның айтуынша, 2009 жылы Астанада осы мәселеге қатысты ғылыми конференция өткізіліп, Білім және ғылым министрлігіне жоғарыда аталған жоба ұсынылған. «Мемлекеттік тілден басқа тілдерде сабақ беретін мектептерге кейбір пәндерді қазақ тілінде жүргізейік дедік. Өкінішке қарай, бұл ұсыныс министрлік тарапынан әлі күнге дейін қолдау таппай келеді. Дегенмен, 2015 жылдан бастап сол жобаны басқа мектептерге де енгіземіз деп жатыр», - деп атап өтті Р. Халмұрадов.
Оның айтуынша, бұл жерде шешілмеген бір-ақ мәселе бар. Ол - сол мектептің мұғалімдерін қазақ тілінде сабақ жүргізуге қайта даярлау. «Осы мәселе шешілсе, жалпы халықтың, ата-аналардың, оқушылардың арасында қолдайтындар өте көп, - деп қорытындылады халық қалаулысы.