Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева «Ана күні» мен «Әке күні» мерекелерін белгілеуді ұсынды

АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева «Ана күні» мен «Әке күні» мерекелерін белгілеуді ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің қабылдауында болған депутат «Бүгінде Парламентке еліміздің 16 аймағынан сайланған әйелдер саны - 21. Сондай - ақ еліміздің аудандық, облыстық деңгейдегі депутаттары бар. Әрине, олар да біз сияқты қызмет етіп, ортақ іске өздерінің үлестерін қосуда. Осыған қарай біз алдағы уақытта жиі бас қосып, елде қалыптасқан мәселелерді депутат ретінде бірлесіп талқылап отыруды жөн санап отырмыз», деді депутат.

Сондай-ақ ол сөзінде жиналғандарға «Ана күні» мен «Әке күнін» белгілеу жөніндегі ұсынысын жеткізді. «Елдегі әрбір отбасындағы

бала әйел азаматтың, ананың сондай-ақ отбасының қорғаны - әкенің алатын орны мен рөлін түсініп, айқын сезінулері тиіс. Біз жақында депутаттардың алдына осындай мәселе қойғалы отырмыз. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы да бізді қолдайды деген үміттеміз», деді халық қалаулысы.

Депутаттың пікірінше, бүгінде әскери мерекеге байланысты күндер ерлердің де мерекесі ретінде атап өтіледі. Алайда әскери мереке әскерилердің мерекесі. «Ал Қазақстандағы ер азаматтардың барлығы дерлік әскери емес. Әрине олар отан қорғаушылары. Дегенмен әкенің мәртебесі бөлек. Сондықтан олардың өздерінің жеке мерекелері болуы тиіс», деді З.Балиева.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары бұның жақсы ұсыныс екендігін және оның болашақта партия тарапынан талқыланатындығын жеткізді.