«Әрине, жастармыздың көбісіндегі үлкен мәселенің бірі баспанаға қатысты. Баспана болмаса, істеп жатқан ісінің берекесі де байқалмайтыны анық. Сондықтан бұл жағдайды шешуде үлкен тапсырма берілгені түсінікті. 7 пайыз деген өте қолжетімді. Оның үстіне бастапқы жарнаны баспана құнының 20 пайыздан асырмау туралы бастама орта табысты тұрғындардың ипотекаға мүмкіндіктерін арттырады. Сонымен қатар несие мерзімі 25 жылға жеткізілсе, баспана алуға ниетті біраз адамның мәселесі шешілер еді», - деді депутат.
Бұдан бөлек ол алдағы оқу жылына қосымша гранттар бөлу туралы бастамаға тоқталды.
«Бүгінге таңда елімізде инженерлік мамандардың тапшылығы бар. Бұл салада да шешімін жасайтын жұмыстар жетерлік. Сондықтан Президент осы бағытқа гранттарды көбейтіп, мүмкіндігінше грант иеленген жастардың қатарын арттыруды тапсырып отыр. Өздеріңіз білесіздер, елімізде инженер мамандар тапшы. Ал экономистер мен заңгерлер осыған дейін де көп кездесетін. Енді бүгінгі бастамалардың нәтижесінде жоғары білім саласында оңтайлы өзгерістер болатыны анық», - деді депутат.
Оның пайымынша, осы орайда шетелге оқуға баратындар бакалаврлық білім бойынша Қазақстан аумағындағы ЖОО-ларға бетбұрыс жасайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті.