Депутат бүгін осы сауалы жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған бұл оркестрде Астана қаласы әкімдігінің көмек көрсетуі мен демеушілігінің арқасында қазіргі уақытта жоғары білікті музыканттар ұжымы қалыптасты. Оркестр әр түрлі концерттерде Елордамыз бен мемлекетіміздің атынан лайықты өкілдік етеді, өте жоғарғы кәсіби деңгейдегі іс-шараларды жүргізуге байланысты жауапкершіліктерді атқарады. Әлемге танымал жұлдыздардың, мысалы Пласидо Домингоның, тағы басқалардың концерттерін, сүйемелдеуге жиі қатысады. Алайда, соңғы кездері оркестрде музыканттардың еңбекақыларының төмен болуына байланысты қиындықтар туындап отыр. Бүгінгі күні штаттық кестеге сәйкес 14 жылға дейін еңбек өтілі бар жоғарғы деңгейдегі біліктілікке (G-10 санаты) жататын астаналық филармония әртістері еңбекақысының мөлшері 27 мың 225 теңге», - дейді Мәжіліс депутаты Шафқат Өтемісов.
Сонымен қатар сол деңгейдегі өнерге ие алматылық филармониядағы әріптестерінің еңбекақысы 46 мың 827 теңге. Мұндай айырмашылық соңғысына 1,72 құрайтын жоғарылату коэффициентінің мөлшерін пайдалану себебінен туындап отыр. Алдағы уақытта еңбекақының 25 пайызға өсуі алшақтықтың ұлғаюына алып келеді.
Еңбекақыға қолданылатын жоғарылату коэффициентін опера театрлары, басқа да оркестрлер мен Мемлекеттік симфониялық оркестрлердің ұжымдары пайдаланады.
Қандай ұсыныс жасағандығы жайлы сұраққа депутат: «Осы жағдайдың нәтижесінде астаналық филармония жалақының төмендігіне байланысты республика музыканттарының арасында ең беделі төмен жұмыс орны болып саналады. Аталған жағдайда мамандардың тұрақсыздығы байқалады. Қыркүйек айының өзінде оркестрден 5 музыкант қызметтен кетті. Бұл өз кезегінде ұжымның шығармашылық дамуына теріс ықпалын тигізіп, жоғары білікті музыканттарды жұмысқа тартуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мен Үкімет басшысына сауал жолдап, Астана қаласының мемлекеттік филармониясын 1.72 жоғары коэффициентін қолданумен қаржыландырылатын кәсіпорындардың тізіміне қосу мәселесін қарауды өтіндім»,- деді.