Қазақстан Президентінің Алғыс хаты депутатқа еліміздің саяси-әлеуметтік өркендеуіне, маңызы зор және қоғамға аса қажетті заңдардың қабылдануына қосып келе жатқан үлесі үшін берілді.
Розақұл Сатыбалдыұлы 1941 жылы 1 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Ташкент қаласындағы Мемлекеттік университет пен Ауыл шаруашылық институтын және Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. Өзі туған өңірде ұзақ жылдар бойы аудандық комсомол, партия ұйымдарында еңбек етті.
Сайрам ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары және кеңесшісі жұмыстарын атқарды. 2002-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық Тәртіптік кеңесінің төрағасы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің аумақтық басқармасының бастығы жауапты қызметтер атқарды.
2007 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымына депутат болып сайланды.
Елімізге сіңірген еңбегі үшін «Құрмет Белгісі», I-ші және II-ші дәрежелі «Достық» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.