Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай біраз уақыттан бері Алматы облысында орналасқан М. Ломоносов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп мәселесімен айналысып келеді. Жуырда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында да депутат аталған білім ордасын тез арада мемлекетке қайтару керек екенін айтып, мәселені тағы көтерді.
«Бұл сұмдық нәрсе ғой. Бір үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберу деген. Бұл қай әкімнің тұсында, қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар», - деген болатын.
Бүгін белгілі болғандай, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы 15 млн теңгеге жекеменшікке сатылған мектеп осы жылдың 8 маусымында мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты.
«Мектеп тапшылығы бар. Бізде 51 мектеп үш ауысымда оқытады. Нақты осы мектеп туралы айтсақ, біраз соттастық. 8 маусымда алған адам өз еркімен мектепті үкіметке қайтарып берді», - деді облыс басшысы.