Мәжіліс электр энергетикасы нарығын енгізу мерзіміне қатысты Сенаттың ұсынысына келісімін берді
Еске салайық, құжат Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған заң жобасы еліміздегі электр энергетикасы саласын жетілдіруге бағытталған болатын. Осыған орай, заң жобасымен елімізде біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүктеме көтеруге әзірлігін қолдау үшін бірыңғай сатып алушы құрылатыны көзделеді. Сонымен қатар, электр энергиясының орталықтандырылған импорты мен экспортын жүзеге асыру үшін Ұлттық оператор институты енгізілмек. Бұдан бөлек, заң жобасында саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында электр энергетикасы саласындағы тариф саясатын өзгерту ұсынылады. Сонымен қатар, электр энергиясы нарығының айқындылығы мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Нарық кеңесін құру қарастырылады. Тұтастай алғанда, заң жобасы энергия өндіруші ұйымдар үшін инвестицияларды қайтарудың ұзақмерзімді кепілдіктерін қамтамасыз етуге жағдайлар жасамақ.
Ал Сенат тарапынан енгізілген өзгерістерге келсек, онда негізінен электр энергетикасы нарығын енгізуді 2019 жылға дейін шегеру туралы ұсыныс енгізілген. Ал заң жобасында бұл мерзім 2016 жылдың 1 қаңтарынан енеді деп көрсетілген болатын. «13 қазанда Сенат пен Мәжіліс Төрағаларының атына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен хат келіп түсті. Онда Ұлттық комиссияның электр қуаты нарығын енгізу мерзімін 2016 жылдың 1 қаңтарынан 2019 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы өтініш жасалған болатын. 15 қазанда Сенат осы ұсынысты ескеріп, төрт түзету енгізді. Бұл түзетулер негізінен электр энергетикасы нарығындағы модельді өзгертпейді», - деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.
Осыған орай, депутаттар заңды қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.