Мәжіліс еңбек мигранттарына салық салатын заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне еңбек көшi-қон мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжаттың негізгі мақсаты еңбекші көшіп-қонушыларды заңдастыру, сондай-ақ жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін тартуына рұқсаттар беру тәртібін оңайлату бөлігіндегі көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіру болып табылады. Бұдан басқа, еңбек мигранттарының жекелеген санаттарын тартуды регламенттейтін еңбек заңнамасындағы олқылықтар жойылады.

Сонымен қатар, жеке тұлғалардан көшіп келушілердің жұмысы үшін табыс салығын төлеу жөніндегі өзгерістер қамтылады. Жалпы, заң жобасын қабылдау бірқатар құқықтық, әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Атап айтар болсақ, құжатқа енгізілген өзгерістердің арқасында елімізге келіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктер заңдастырылады, олардың елде болуын бақылаудың тиімділігі артады. Сондай-ақ, кез келген қазақстандық жеке тұлға үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беріледі. Еңбек мигранттарына енгізілетін салықтың арқасында бюджетке түсетін түсім ұлғаяды.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.