Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Бұл ретте заң жобасына бастамашы болған депутат Берік Бекжанов есірткіні пайдаланудың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отырғанын алға тартып, қоғам мен әлеумет бұл үдеріске өз ықпалын күшейтулері тиістігін айтқан болатын. «Елімізде халық денсаулығына кері әсер ететін «шөптік микстер» бүгінге дейін еркін сатылып келді. Бұлардың есірткімен әсері бірдей. Өткен жылдың 20 қаңтарында еліміздің Бас санитарының қаулысы бойынша «шөптік микстерді» сатуға тыйым салынды. Алайда, тыйым салу шарасын бұзған азаматтарға тиісті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған», - деген еді заң жобасына бастамашы болған депутат.
Ал Мәжіліс мақұлдаған жобаға сенаторлар жалғыз түзету жасап, Мәжіліске қайтарған болатын. Бұған сәйкес, аталмыш заң алғашқы ресми жарияланған кезден бастап емес, он күн мерзім өткеннен кейін қолданысқа енетін болады. Мәжіліс бұл түзетуге келісімін берді.