Мәжіліс Қазақстан мен Чехия арасындағы қосарланған салықты болдырмау туралы келісімді мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған хаттамаға 2014 жылы 24 қарашада қол қойылған. Хаттамамен Қазақстан мен Чехия арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықты болдырмау туралы конвенцияға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, конвенциядағы салық түрлерін нақтылау көзделіп отыр. Бұл ретте салық қызметтері арасында ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Хаттамамен ақпарат алмасу және қосарланған салық салуды болдырмау сияқты бірқатар ортақ мәселелер бойынша түзетулер енгізіледі.

«Алдыңғы жылы Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 443 млн долларды болды. Оның ішінде экспорт 96 млн ал импорт 357 млн долларды құрап отыр», деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.