Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша бірлескен бағдарламаны көздейтін құжатты мақұлдады
11:51, 20 Наурыз 2013
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының қарулы күштері мүдделерінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы мақұлданды.
Келісімге 2009 жылғы қыркүйекте Орынборда қол қойылған. Бұл ретте келісім Қазақстан мен Ресей қарулы күштерінің мүдделерінде әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстардың бағдарламаларын әзірлейтін болады. Сондай-ақ, құжатта екі мемлекет қарулы күштерін қазіргі заманғы қару-жарақпен жарақтандыру бойынша ынтымақтастықты дамыту қарастырылады. Әскери мақсаттағы өнімді берудің жеделдігін арттыру көзделеді. Бұдан бөлек, әскери мақсаттағы өндірістің өсуін ынталандыру, инвестицияларды тарту, ғылым мен алдыңғы қатарлы технологиялардың жаңа жетістіктерін енгізу, сондай-ақ бірыңғай ақпараттық кеңістікті құру айқындалады.