Мәжіліс Кеден одағына қатысты 6 заң жобасын бірден мақұлдады

None
аусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Кеден одағының қызметіне байланысты 6 бірдей заң жобасын мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттары бүгінгі отырыста «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары мен өзге де мемлекеттік органдары арасында ақпарат алмасуға қойылатын талаптар туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеденнің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну және алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеден одағының кедендік аумағы арқылы теміржол көлігімен өткізілетін тауарлардың кедендік транзитінің ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсынудың кейбір мәселелері, кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алудың ерекшеліктері және осындай тауарларға қатысты өндіріп алынған соманы аудару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара әкімшілік көмегі туралы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ, «Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелері, шарттары және тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын мақұлдады.

Аталған келісімдердің бірқатары Кеден одағына мүше Тараптардың кеден органдары арасындағы, сондай-ақ тараптардың өзге де мемлекеттік органдар арасындағы мемлекетаралық ақпаратпен алмасу үшін нормативтік-құқықтық базаны құруға негізделеді. Келісімдерге сәйкес, ақпарат алмасу Тараптардың орталық кеден органдары арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұдан бөлек, тағы бір осыған ұқсас заң жобасы алдын ала ақпараттар ұсыну мен алмасу тәртібін айқындайды. Ал теміржол көлігіне қатысты келісім Тараптар арасындағы тауарларды өткізу кезіндегі жауапкершілікті бөлуді көздейді. Бұл теміржол көлігімен тасымалдаудың ерекшелігіне байланысты болып табылады. Осы ретте келісім бойынша тауарлар жеткізілмеген жағдайда тек өзінің учаскесі үшін ғана жауапкершіліктің ауысу тәртібі реттеледі.

Ал тағы бір заң жобасы кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгертудің негіздерін, шарттарын және тәртібін анықтайды. Бұл ретте төлемдер мерзімін өзгерту, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу нысанды жүзеге асырылады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары Парламент Сенатына жіберіледі.