Мәжіліс Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне енгізілген өзгерістерді мақұлдады

АНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Хаттама Кеден одағының кедендік аумағынан карантинге жатқызылған өнімді әкету кезінде карантиндік фитосанитариялық бақылау шарасы өсімдіктер карантині саласындағы Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелеріне және ел заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылатыны айқындалады. Құжатқа сәйкес, Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін карантинге жатқызылатын өнім мен ондай орын Тарап мемлекетінің фитосанитариялық талаптарына сәйкес келуі тиіс. Бұл ретте фитосанитариялық ресми ақпаратты Тараптардың уәкілетті органдарының ресми сайттарында, ЕурАзЭҚ-тың ақпараттық жүйесінде, Кеден одағының ықпалдасқан сыртқы және ішкі өзара саудасының ақпараттық жүйесіне орныластыру қамтамасыз етіледі.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.