Мәжіліс құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды жоюға бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды,

олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат еліміздің құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте қолданыстағы заңнаманы ескірген және бір-бірін қайталайтын нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру, қолданылып жүрген құқықтың ішкі қайшылықтарын жою қажеттігі атап көрсетілген болатын. Заң жобасымен 33 заңнамалық актіге түзету енгізу көзделген. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі мемлекеттің әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет жасауының құқықтық тетігін белгілеуге бағытталған 13 заң актісіне түзету енгізу ұсынылады.

«Сосын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін нормаларды алып тастау көзделеді», дейді Әділет министрі Берік Имашев.