Мәжіліс Қырғызстанға қатысты құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс «2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа Қырғызстанның қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартты, ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы өтпелі ережелерге сәйкес, Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ның кедендік шекарасындағы барлық өткізу пункттерін 24 ай ішінде жайғастыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге өзіне міндеттеме алған болатын. Қырғыз жағы аталған мерзімде үлгермеді. Осы орайда мемлекет басшылары 2018 жылғы 14 мамырда «24 айдан» «48 айға», яғни 2019 жылғы 12 тамызға дейін өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойған болатын. Алайда, көрсетілген уақыт Қырғызстан жағы үшін жеткіліксіз болды. Бұл тұрғыда 2019 жылғы 29 мамырда Мемлекет басшыларының Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы аясында «48 айдан» «72 айға», яғни 2021 жылғы 12 тамызға дейін өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойды», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Дегенмен, қырғыз жағы бұл мерзімде де аталған міндеттерді орындай алмады.

«Сондықтан 2022 жылғы 19 сәуірде «72 айдан» «96 айға», яғни 2023 жылғы 12 тамызға дейін өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Осы «72 айдан» «96 айға» дейінгі Хаттаманы ратификациялау еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді министр.