Мәжіліс «Магистральдық құбыр туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқыға салады

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - 31 мамыр, бейсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысы өтеді.

Мәжілістің баспасөз қызметінен келіп түскен мәліметке сәйкес,  Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұсынуы бойынша «Магистральдық құбыр туралы» және соған сәйкес ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда талқыға салу үшін жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілген.

Жалпы отырыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелерін реттеуге бағытталған және денсаулық сақтауға қатысты заң жобалары екінші оқылымда Палатаның талқысына шығарылатыны көзделуде. Бұл заң жобаларды Палатаның тиісінше Аграрлық мәселелер, сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму комитеттері ұсынып отыр.

Сонымен қатар Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңының жобасы және соған сәйкес ілеспе заң жобасын екінші оқылымда талқыға ұсынып отыр.

Қаржы және бюджет комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар да қаралады.

Жалпы отырыста Үкіметтен келіп түскен заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде мәселе қаралады.