Құжат мақұлданып, заң жобасы Парламент Сенатына жолданатын болды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар магистральдық құбыр саласындағы қатынастарды реттеу жолымен Қазақстан Республикасының экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында әзірленген. Бұл ретте магистральдық құбыр саласындағы құқықтық қатынастардың маңызды бөлігі ұлттық заңнамамен реттелмеген. Осының өзі магистральдық құбырларды дамыту үшін тежеуші фактор болып табылады. Осыған орай әзірленген заң жобасының басты жаңалығы - магистральдық құбырларды қайта құру арқылы оларға мемлекеттің басым құқықтарын бекіту. Сонымен қатар, магистральдық құбыр саласындағы қызмет көрсететін немесе оның қызметін пайдаланатын тұлғалардың міндеті мен құқықтарын анықтау қарастырылады. Бұдан бөлек осы салада ұлттық оператор институтын енгізу мәселесі де көзделеді.
Тоқтала кететін жайт, елімізде өндірілетін көмірсутекті шикізаттардың айтарлықтай үлесі магистральдық құбырлар арқылы ішкі және сыртқы нарыққа шығады. Сондықтан да, бұл мәселе стратегиялық маңызға ие болып отыр. Сондай-ақ, магистральдық құбырлар арқылы мұнай тасымалдау ел бюджетінің түсімін айтарлықтай арттыратыны белгілі. Әйтсе де, осындай маңыздылығына қарамастан, магистральдық құбырлар мәселелеріне байланысты заңдық қатынастарды реттейтін нақты заңнамалық актілер әлі жоқ. Заң жобасы қабылданса, елімізде қайта салынатын және қолданыстағы кез келген (мейлі мемлекеттік, мейлі жекеменшік болса да) магистральдық құбырларға мемлекеттің қатысуын қамтитын басым құқығы бекітілетін болады. Ал жаңа құбырлар салу барысында бірінші кезекте құбырларды салуда мемлекеттің экономикалық мүддесі қорғалатын болады.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында құжат бойынша 300-ге тарта ұсыныс жасалып, 168 позиция қабылданған.