Мәжіліс мамандардың кәсіптік деңгейін тану тәртібіне қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңы мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл құжаттар 2022 жылдың 7 желтоқсанында бірінші оқылымда мақұлданған еді.

«Кәсіптік біліктілік туралы» Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың кәсіптік дәрежесін тану тәртібімен байланысты қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру. Заң жобасында кәсіптік деңгейін тану арқылы еңбек нарығын реттеу тетіктерін жүйеге келтіруге бағытталған Ұлттық біліктілік жүйесі алғаш рет енгізілмек. Кәсіптік біліктілікті жүзеге асыратын салалық мемлекеттік органдар, салалық кеңестер және уәкілетті орган Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімімен кәсіптік стандарттарды бекітеді. Азаматтардың кәсіптік деңгейін тану үшін олардың құзыреттерін растайтын сертификаттар беруді Біліктілікті тану орталықтары жүзеге асырады», - деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:

- салалық мемлекеттік органдардың салалық кеңестермен және уәкілетті органмен (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) келісім бойынша кәсіптік стандарттарды бекітуіне;

- Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісім бойынша беретін тану орталықтарын аккредиттеу аттестатын беруге немесе оның күшін жоюға бағытталған түзетулерді енгізді. Сонымен қатар, депутаттар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тану орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, олардың жауапкершілігін белгілеу жөніндегі норманы ескерді;

- кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алған адамдарға қатысты шағымдар расталған жағдайда, осындай құжаттың күшін жоюға бағытталған түзетулер енгізді.

Бұл ретте осындай сертификаттар туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

«Депутаттар кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін қажет жағдай жасау жөнінде тану орталықтарының міндеттемелерін белгілеу бөлігінде норма енгізді. Ілеспе Заң Қазақстан Республикасының осы саладағы заңнамасын «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңының ережелеріне сәйкес келтіру, сондай-ақ мамандардың кәсіптік біліктілігін тануды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған реттеуші тетіктерді жетілдіреді», - деді депутат.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен заң жобасы бірқатар түзетулермен толықтырылды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына «Ел бірлігі» орденін белгілеу жөніндегі нормалар енгізілді. Екіншіден, «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Мемлекет басшысының дербес білім беру ұйымдарының Жоғары қамқоршылық кеңесін құру жөніндегі өкілеттіктерін айқындау бойынша түзетулер қарастырылды», - деді Жұлдыз Сүлейменова.