Мәжіліс мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.

Осы құжаттың мақсат-міндеттері туралы баяндаған Мәдениет министрі Мұхтар Кұл-Мұхаммедтің айтуынша, заң жобасы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруді көздейді. Құжат сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастар субъектілеріне бөлінетін қаражатты тиімді игерудегі жауапкершілікті арттырады. Бұған қоса заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлу кезінде мемлекеттік саясаттың басым тұстарын және республика мен жекелеген өңірлердің әлеуметтік экономикалық даму қажеттіліктерін есепке алуды қарастырады.

Осыған байланысты заң жобасындағы түзетулердің негізгі бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша құқықтық кеңістікті жетілдіруге бағытталған. «Сонымен қатар құжатқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыру үдерісінде мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекетін регламенттейтін нормалар енгізіліп отыр»,-деді министр.