Мәжіліс мемлекеттік басқару органдары өкілеттіктерінің аражігін ажыратуға бағытталған құжатты мақұлдады

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2013 жылы орталық және өңірлер арасындағы жауапкершіліктің және өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша нақты шаралар қабылдау, жергілікті атқарушы органдарды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай, заң жобасында қосарланушылықты болдырмауға, сондай-ақ жекелеген өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге, яғни халыққа және бизнеске жақындатуға мүмкіндік береді. Тиісінше, орталықтан өңірлерге тиісті штат санын қайта бөлу, жергілікті деңгейге қосымша өкілеттіктер беруді қамтамасыз ету қарастырылатын болады. Мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейін қажетті бюджеттік қаражаттармен және штат санымен нығайту жоспарланады, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқарудың үлгілік құрылымы қайта қаралатын болады.

Жалпы алғанда мемлекеттік басқару деңгейінен өңірлік деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға 61 функция берілетін болады. Олар мына салаларды қамтиды: көлік және коммуникация, индустрия және жаңа технологиялар, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, дін істері, әлеуметтік көмектер, ауыл шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік, көліктік бақылау, төтенше жағдайлардың алдын алу және ескерту, жер қатынастары. Бұл функциялар республикадан облыстарға бөлінеді, одан әрі облыстан аудан, қалаларға, сосын ауылдар мен ауылдық округтерге беріледі.

Тоқтала кететін жайт, заң жобасын іске асыру шеңберінде орталықтан өңірлерге мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейін және өкілеттерді нығайтуға 4 мыңнан астам штат бірліктері берілетін болады. Бұдан басқа, орталық мемлекеттік органдардың жекелеген аумақтық бөлімшелері әкімдіктерінің қызметін қайталайтын функцияларды алып тастау, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың бірқатар құзыреттерін мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейлеріне беру қарастырылған.

Атап айтқанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының Жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар басқармаларын тарату жоспарланады. Олардың азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жою функцияларын орындауды облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар департаменттеріне жүктеу ұсынылады. Бұл шара Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының арасындағы қолданыстағы параллелизмді жоюға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда заң жобасын іске асыру лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге, өңірлік деңгейде мемлекеттік басқару сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, демократия призмасы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде азаматтардың рөлі мен қатысу мүмкіндіктерін елеулі арттыратын болады.