Мәжіліс мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы Елбасының мемлекеттік басқару жүйеcін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте Президент Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері және экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктері таратылып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғаны белгілі.

Осыған байланысты заң жобасымен жаңадан құрылатын Агенттікке (Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар, ал Қаржы министрлігіне экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тергеу жөніндегі функциялар беріледі. Бүгінгі күні қаржы полициясы органының тікелей тергеуіне сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 16 бабы жатқызылған. Ал заң жобасымен жемқорлыққа қарсы қызмет саласына сол қылмыстарды тергеумен қоса, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бөлігіндегі қылмыстың 17 құрамы да беріледі. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстардың үш бабы бойынша ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен бірлескен балама тергеулер қарастырылған. Жалпы алғанда заң жобасымен 15 кодекс пен 66 заңға түзетулер енгізіледі.

Екінші оқылымға әзірлеу депутаттар жаңадан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен экономикалық тергеу қызметiнiң арасында Қылмыстық кодекс баптарының тергеулiгiн ажыратуға бағытталған бiрқатар түзетулер енгiздi. Сонымен қатар, бiршама өзгерiстер мен толықтырулар заң жобасының жекелеген нормаларын жетiлдiруге, оның ережелерiн басқа заңдарға сәйкестендiруге бағытталған.