Мәжіліс Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Еске салсақ, аталған заң жобасы,  Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін енгізуді қарастырады. Жаңа жүйенің мақсаты - кәсіптік-техникалық, жоғары білім алуға мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігін енгізу. Мамандардың айтуынша, мұндай жинақтау жүйесі Бельгия, Канада, Малайзия, Нидерланды, Сингапур, Испания, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ секілді мемлекеттерде қолданылып келеді. Ал жүйенің негізгі ерекшеліктеріне келсек, онда баланы оқыту үшін ата-анасының қаржы жинауына мемлекет жеңілдіктер мен субсидиялар беру арқылы қолдау көрсетеді. Яғни, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі халыққа балаларын оқыту үшін қаржы жинауына жеңілдік жасап, оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады.

Заң жобасында бұл жүйенің жұмыс істеу қағидаты да қарастырылған. Мәселен, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы салымшы бола алады. Ол қатысушы банкте білім беру жинақтау шотын ашады.
Жинақталған қаржы үш бөліктен тұрады. Бірінші - бұл салымшы салған ақша. Екінші - банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдыра отырып, сыйақы беруі. Бұлар кәдімгі банктегі депозиттер сияқты жүзеге асады. Үшінші бөлігі - мемлекеттік сыйақы. Сыйақы мөлшері, жинақталған ақшаның көлеміне қарай жылына 5 пайызды құрайды. Ал, кейбір басымдық берілген адамдар топтары үшін (жетім балалар, мүгедектер, көп балалы және табысы аз отбасылар) - 7 пайыздық деңгейде белгіленген.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.