Мәжіліс мемлекеттік қызмет көрсету туралы жобаны бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжаттың мақсаты мемлекеттік қызмет көрсетуді заңнамалық реттеу, мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібіне қойылатын біркелкі талаптарды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің аражігін ажырату, мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде оларды электрондық нысанда көрсету рәсімдерін жетілдіру көзделеді.

«Ағымдағы жағдайларды ескере отырып «мемлекеттік қызмет көрсету» деген жаңа ұғым айқындалады. Осылайша, мемлекеттік қызметтер көрсету оны алушылардың өтініші бойынша жүзеге асырылған оларға тиесілі материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функциялардың бірі ретінде айқындалды. Екіншіден, көрсетілетін қызметті алушы, қызмет көрсетуші және мемлектетік қызмет көрсетуді жеткізуші деген жаңа ұғымдар енгізіліп отыр», - дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, заң жобасымен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу көзделеді.

«Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету тізілімін, стандарттарын және регламенттерін әзірлеуге қойылатын талаптар белгіленді. Бұл ретте тізілімді Үкімет бекітеді. Заң жобасында функцияларды мемлекеттік органдардың тікелей қарамағына беру арқылы мемлекеттік стандарттарын бекіту жөніндегі Үкіметтің өкілеттігін орталықсыздандыру ұсынылады», - деді Е. Досаев.