Мәжіліс мемлекеттік монополия мәселелері бойынша Сенатпен келісті

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

Еске салсақ, бұған дейін мәжілісте мақұлдаған заң жобасына Сенат бірқатар түзету енгізген болатын. Осыған орай Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістерге келісімін берді.

Заң жобасы экономикаға мемлекеттің араласуын азайтуды қарастырады. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қоғамдық тәртіпті, халық денсаулығын қорғау мақсаттарында кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуы талап етілетін айрықша жағдайларда ғана мемлекеттік монополия енгізу көзделетін болады.

Осы мақсатта заң жобасымен 29 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер, Орман, Экологиялық кодекстер мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, «Өсімдіктер карантині туралы», «Байланыс туралы», «Мемлекеттік статистика туралы» және басқа да заңдарға тиісті өзгерістер енгізілген.

Тоқтала кететін жайт, қолданыстағы 10 заңнамалық актіде мемлекеттік монополия туралы нормалар қамтылған. Алайда, оны іске асыру тетігі ашып көрсетілмеген. 14 заңнамалық актіде қызмет мемлекеттік монополияға тікелей жатқызылмаған, дегенмен, мемлекеттік кәсіпорынның осы қызметті жүзеге сыруға айрықша құқығы нақты бекітілген. Осыған орай, жаңа заң жобасына сәйкес, мемлекеттік монополияда тек 18 қызмет түрі ғана қалады. Бұдан бөлек, екі қызмет түрі мемлекеттік функцияға жатқызылады.