Мәжіліс мемлекеттік монополия мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы бойынша экономикаға мемлекеттің араласуын барынша азайту және ұлттық қауіпсіздікті мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын талап ететін айырықша жағдайларда ғана мемлекеттік монополияны енгізу көзделеді.

Сонымен қатар, құжат мемлекеттік монополияға жатқызылған салаларды, мемлекеттік монополия деп аталмайтын айырықша құқықтарды қысқартуды қарастырады.

Сондай-ақ, бәсекелестік нарықта қызмет көрсету түрлерін ұсыну мүмкіндіктерін заңнамалық деңгейде бекіту не олардың мемлекеттік мекемелер іске асыратын функцияларға жатқызу ұсынады. Бұдан бөлек, баға белгілеудің ашықтығын және мемлекеттік монополия субъектісінің жоғары тарифтерді белгілеуге жол бермеуді қамтамасыз ету үшін оларды Үкіметтің бекітуі көзделеді. Заң жобасы бойынша қолданыстағы 27 заңнамалық актіге өзгерістер енгізіліп отыр.

Бірінші оқылымда мақұлданған құжат, екінші оқылымға әзірлеу үшін Мәжілістің комитетіне жолданады.