Мәжіліс мемлекеттік статистика туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депуаттары «Мемлекеттік статистика туралы» заң жобасына ҚР Парламенті Сенатының енгізген түзетулерін талқылап, құжатты қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасының негізгі мақсаты респонденттердің жүктемесін азайту және статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың сенім деңгейін, статистикалық ақпараттың бүкпесіз ашықтығын арттыру болып табылады. Сонымен бірге, құжатта мемлекеттік органдардың, респонденттердің және мемлекеттік статистиканы пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін тиімді бөлу, респонденттер беретін бастапқы статистикалық деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету шаралары қарастырылып отыр.

Бұдан басқа, заң жобасы халықтың, бизнестің, мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың сапалы статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталады. Құжат статистикалық және статистикалық емес қызметтердің аражігін ажыратуды көздейді. Бұл ретте статистикалық қызметті - статистикалық жұмыстар жоспарының шегінде уәкілетті орган мен мемлекеттік органдар және Ұлттық банк жүзеге асырады. Ал статистикалық емес қызметті стратегиялық реттеуші, іске асырушы функцияларын жүргізу аясындағы мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Заң жобасында барлық мемлекеттік органдардың есептілігі реттеу шаралары да көзделіп отыр. Жалпы құжат БҰҰ-ның ресми статистиканың негізгі қағидаттарын орнықтыруға бағытталып, халықаралық талаптарға сәйкестігін арттырады.

Жоғарғы палата заң жобасына 8 түзету енгізген болатын. Бұлардың баршасы редакциялық нақтылау сипатында әрі құжаттың тұжырымдамасын өзгертпейтін болып отыр. Осыған орай, Мәжіліс Сенат тарапы ұсынған түзетулерге келісімін білдірді. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.