Мәжіліс микроқаржы ұйымдары туралы заң жобасына сенаторлар енгізген өзгерістермен келісті

None
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Микроқаржы ұйымдары туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған заң жобасының мақсаты микроқаржы қызметтері саласын дамыту, осындай ұйымдардың қаржылық қызметін нығайту және ашықтығын арттыру болып табылады. Сондай-ақ, құжат  халықтың кең топтарының шағын несиелерге қол жеткізуін қамтамасыз етуді, микроқаржы ұйымдары қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Осыған орай микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау енгізіледі.

Осы мақсатта заң жобасы бойынша микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, қадағалау және бақылау институттары енгізіледі. Атап айтқанда, міндетті есептік тіркеу жүзеге асырылады. Жарғылық және меншіктік капиталдың ең аз мөлшері белгіленеді. Ал, қадағалау үдерісі шеңберіндегі шараларға сәйкес микроқаржы ұйымдарының кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға тыйым салу қарастырылған. Бұдан бөлек шағын несие беру бойынша талаптар күшейтіліп, несие алушының мүдделері қорғалады. Мәселен, несиелік тарифтер мен комиссияның мөлшерін біржақты тәртіппен өзгертуге тыйым салынады. Сондай-ақ, қарыз сомасын мерзімінен бұрын немесе біртіндеп қайтару құқығы беріледі.