Заң жобасы негізінен ағымдағы жылдың 6 тамызында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларын орындауға және Президенттің 25 тамыздағы Жарлығын жүзеге асыруға бағытталады.
Бұл ретте Елбасы Жарлықтарына сәйкес, заң жобасы Үкімет пен министрліктердің, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың арасында құзыретті нақты бөлуді қамтамасыз етуге, министрлердің шешім қабылдаудағы дербестігін арттыруға, сонымен бірге, оларды іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдауға бағытталған.
Заң жобасына сәйкес, жергілікті билік деңгейлері арасында облыстықтан аудандық деңгейге 14 функцияны өткізу көзделіп отыр. Олардың арасында облыс аумағында спорттық ғимараттар құрылысы мәселелерін үйлестіру, шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беретін орта мектептерге тасымалдау тәртібі секілді мәселелер бар. Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша сәулет-құрылыс жұмыстарын қадағалау саласында жергілікті атқарушы органдарға лицензиялау, аттестациялау және бақылау, қала құрылысы және құрылыс, нысандар құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылысы бойынша қадағалау, тапсырыс берушілердің техникалық қадағалау қызметін бақылау, авторлық қадағалау, жобаларды әзірлеу функциялары берілмек.
Жер ресурстарын басқару саласында да жергілікті атқарушы органдарға бірқатар функциялар жүктелмек. Атап айтқанда, олардың арасында жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі орындау міндетті болып табылатын ұйғарымдарды беру, жер заңнамасы саласында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарау секілді өкілеттіктер бар.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.